Мәжіліс төрағасы Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоғын қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Жеңіс күніне орай Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленген Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Фото: Мәжіліс

— Іс-шараға Парламент фракциялары мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Олар ерлікпен қаза тапқан қаһармандардың рухына тағзым етіп, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды, — делінген хабарламада.

Фото: Мәжіліс

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов — қазақтың маңдайына біткен даңқты ұшқышы, авиация генерал-майоры. 305 рет әскери шабуылға шығып, ерліктің шынайы үлгісін паш еткен біртуар батыр. Сонымен қатар ол үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Фото: Мәжіліс

Аты аңызға айналған ұшқыштың ескерткіші елорданың Сарыарқа ауданындағы батырдың құрметіне берілген көшедегі саябақта орналасқан.

Фото: Мәжіліс

Бұған дейін Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қошанов «Отан Ана» монументіне барып, соғыс жылдарында құрбан болғандарды еске алғанын жаздық.