Мәжілісте колледждер жүйесін жаңғыртуға арналған заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мен көші-қон мәселелеріне қатысты заң жобасы таныстырылды.

Фото: ӨКҚ

Заң жобасы бойынша Сенат депутаты Амангелді Есбай баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еңбек адамдары мен жұмысшы мамандықтарының маңызына ерекше назар аударғанын айтты. Сондай-ақ 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы сала дамуына тың серпін бергенін атап өтті.

Сенатордың айтуынша, қазіргі экономика дипломы бар мамандармен ғана шектелмейді. Еңбек нарығында заманауи технологияны меңгерген, тәжірибелік машығы қалыптасқан білікті техникалық кадрларға сұраныс артып келеді.

— Бүгінде экономикаға тек диплом иелері емес, өндірісте нақты жұмыс істей алатын, заманауи технологияны меңгерген мамандар қажет. Мұндай кадрлар тұрақты дамудың тірегіне айналады. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту — мемлекеттің стратегиялық басымдығы, — деді Амангелді Есбай.

Оның сөзінше, заң жобасы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және жастардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Құжатта кәсіби біліктілікті халықаралық деңгейде тану тетіктерін жетілдіру, саланы цифрландыру және ұлттық біліктілік жүйесіндегі өкілеттіктерді қайта қарау көзделген.

Сонымен қатар көші-қон саясатына да ерекше мән берілген. Заң жобасында еңбек көші-қоны тетіктерін жүйелеп, оны жеке заң арқылы реттеу қарастырылған. Бұдан бөлек, қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды қолдау шараларын кеңейту ұсынылған.

Сондай-ақ жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту және төлемдер мен қолдау шараларының ашықтығын цифрлық жүйелер арқылы арттыру көзделіп отыр.

Амангелді Есбайдың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістерді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді.

Айта кетейік, бұған дейін 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 кәсіп немесе еңбек нарығының 44%-ы (шамамен 4 млн адам) жасанды интеллектінің ықпалымен өзгеруі мүмкін екенін жаздық.