Медицина мен білім саласында 57 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айда медицина мен білім саласында 57 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Әлеуметтік саланы дер кезінде қаржыландырумен қатар тиісті төлемдерге бақылауды күшейту жұмысы жалғасып жатыр. Бұл жұмыс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ең алдымен медициналық қызметтерді сатып алу мен төлемге бағытталған. Qalqan платформасында төлем жасау функционалы медициналық қызметтің 57 бағыты бойынша іске асырылды. Мониторинг пен антифрод-бақылауды күшейту нәтижесінде 9 айда 23,4 млрд теңге көлеміндегі қаржылық шығындарға жол берілмеді. Жалпы алғанда, есепті кезеңде республикалық бюджеттен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 трлн 204,8 млрд теңге бөлінді, — деді министр.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның мәліметінше, білім беруді қаржыландырудың цифрлық жүйесіне 6 634 мектеп көшірілді.

— Тиісті тексеру жұмыстары жалған тіркеулерді анықтауға және де басқада бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Үнемделген бюджет қаражаты 34 млрд теңгені құрады, — деді ол.

Бұған дейін республикалық бюджет кірістерінің өсуіне қандай факторлар әсер еткенін жазған едік.