Республикалық бюджет кірістерінің өсуіне қандай факторлар әсер етті
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айда мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 98,5 пайыз орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
Оның мәліметінше, биыл 9 айда трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгені құрап, жоспар 98,5%-ға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 16,3%-ға жетіп, 2,8 трлн теңге болды. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге артып, жалпы өсім қарқыны 130,3%-ды құрады.
- Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджет кірістері 2,7 трлн теңгені құрап, шамамен 26%-ға артты. Түсімдердің өсіміне, экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы, сауда айналымының өсімі және салық мөлшерлемесінің өзгеруі әсер етті. Тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер айналымының өсімі, шамамен 14%-ға жетіп, 19,7 трлн теңгені құрады. Сонымен бірге, бизнеске қосылған құн салығын қайтару процесі қатар жүргізілді. Есепті кезеңде 811,5 млрд теңге қайтарылды, - деді ол.
Министр дерегінше, кедендік төлемдер 706 млрд теңгеге өсіп, 3,9 трлн теңге болды. Үшінші елдермен тауар айналымы - 14,3%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт 11,5%-ға артты.
- Сыртқы сауданың өсуімен қатар, кедендік транзит көлемі де артты. 9 айдың ішінде 1,2 млн транзиттік декларация берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Жалпы тауар айналымының көлемі 13 пайыздық өсім көрсетіп, 19,4 млн тоннаға жетті. Есепті кезеңде автомобиль өткізу пункттері арқылы 1,5 млн-ға жуық автокөлік құралы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 19,3%-ға өсіп, 234,4 мыңға артқан. Осыған байланысты шекара инфрақұрылымын дамыту және кедендік ресімдеуді жеңілдету бойынша арнайы жұмыстар атқарылып жатыр. Кірістер өсімінің бір бөлігі баға және реттеушілік факторларға байланысты болғандықтан, ағымдағы жылдың аяғына дейін салық базасын кеңейтуге және әкімшілендіру сапасына баса мән берілетін болады, - деді Мәди Тәкиев.
Айта кетейік, биыл 9 айдың қорытындысында ел экономикасының өсуі 4,2 пайызды құрады.