Медициналық айықтырғыштар түске дейін-ақ толып қалады – министрлік

Ел көлемінде ішімдік ішкен адамдарды медициналық айықтырғыш мекемелері жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

«Отбасында жанжал шығарушылар зорлық-зомбылықты көбіне мас күйінде жасайды. Алайда бүгінде мас бұзақыларды оқшаулау мәселесі шешілген жоқ. Еліміз бойынша 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы бар. Мастардың есін жинайтын медициналық айықтырғыштарда 778 төсек-орын ғана бар. Бұл өте аз. Биыл аталған орталықтарға алкогольдік масаң күйде 140 мыңнан астам адам жеткізілді», - деді Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында.

Оның айтуынша, мастарды апаратын медициналық айықтырғыштар күннің бірінші жартысында-ақ толып қалады.

«Ал ішімдік ішкендер көбіне кешке және түнде ұсталады. Мысалы, Өскеменде 20 төсек-орынға арналған бір ғана мекеме жұмыс істейді. Оларға полицейлер 12 мың құқық бұзушыны жеткізеді. Олардың тек 7 мыңы орналастырылған. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орынға бір ғана орталық бар. Көкшетауда мүлдем жоқ. Жалпы еліміз бойынша тағы 32 мекеме, яғни 594 төсек-орын қажет», -дейді ол.