Медициналық ұйымдардың қарызы айтарлықтай азайды - ДСМ

Фото: Фото: Рүстем Айтхожин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін жою бағытында қандай іс-қимылдар жасалғанын түсіндірді.

- 2024 жылғы 14 наурызда Министрліктің бұйрығымен қысқа мерзімді және жүйелі шараларды қамтитын медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар бойынша қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру және медициналық қызметтерге тарифтерді қайта қарау жөніндегі шаралар көзделген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша кредиторлық берешек айтарлықтай төмендеді. Биыл медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын арттыру бойынша жұмыс тарифтерді қайта қарау тұрғысынан да, медициналық ұйымдар деңгейінде қаржылық менеджмент тиімділігін арттыру жағынан да жалғасады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Еске салсақ, 2023 жылдың аяғында 80 медициналық ұйымның кредиторлық қарызы бар екені мәлім болды.

2024 жылдың басында елімізде несие берешегі бар медициналық ұйымдардың жағдайы тексеріліп жатқаны айтылды

Сол кезде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 400-ден астам медициналық ұйымның несие берешегі барын мәлімдеді

Осы орайда медициналық ұйымдарда қомақты сомадағы қарыз неден болғанын жазған едік.