Мексика 2030 жылға дейін жұмыс аптасын жыл сайын екі сағатқа қысқартпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Мексиканың Депутаттар палатасы жұмыс аптасын 48 сағаттан 40 сағатқа дейін кезең-кезеңімен қысқарту туралы заң жобасын мақұлдады. Негізгі ережелерді 500 депутаттың 469-ы қолдап, қарсы дауыс бергендер болған жоқ. Дауыс беру шамамен он сағатқа созылған пікірталастан кейін өткен. Бұл туралы Al Jazeera жазды.
Реформа келесі жылдан бастап күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, жұмыс уақыты 2030 жылға дейін жыл сайын екі сағатқа қысқартылып отырады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл өзгеріс шамамен 13,4 миллион қызметкерге әсер етеді. Бастаманы өткен жылдың желтоқсан айында ел президенті Клаудиа Шейнбаум ұсынған. Заңның қабылдануы бизнес өкілдерімен бірнеше жылға созылған келіссөздердің нәтижесі болды.
Сонымен қатар реформада маңызды ескерту бар: заң ең төменгі демалыс күндерінің санын қысқартпайды және сонымен бірге рұқсат етілетін үстеме жұмыс сағаттарының шегін кеңейтеді. Сыншылар мұндай өзгерістер іс жүзінде жұмыс аптасын қысқартудың әсерін әлсіретуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
— Өнімділік дегеніміз — титықтап жұмыс істеу емес, бұл — қадір-қасиетті сақтай отырып еңбек ету, — деді билік партиясы Morena-ның өкілі және Мексика жұмысшылары мен қызметкерлерінің автономды конфедерациясының бас хатшысы Педро Асес.
Реформа Мексиканың еңбек нарығындағы бірқатар өзекті мәселелерді де айқындап берді. Ел Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше 38 мемлекет арасында еңбек өнімділігі мен жалақы деңгейі бойынша соңғы орында тұр. Орташа есеппен мексикалық жұмысшы жылына 2 226 сағаттан астам еңбек етеді — бұл ұйымдағы жұмыс пен жеке өмір теңгерімі көрсеткіштері бойынша ең төмен нәтижелердің бірі. Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандардың шамамен 55 пайызы бейресми секторда жұмыс істейді және еңбек кепілдіктерінің көпшілігінен айырылған.
Оппозиция өкілдерінің бір бөлігі заң жобасын күмәнмен қабылдады.
— Реформа идеясы жаман емес, алайда әлі де толықтыруды қажет етеді және асығыс қабылданды, — деді PRI партиясынан депутат Алекс Домингес.
Құжаттың толық күшіне енуі үшін оны штаттардың заң шығарушы жиналыстарының үштен екісі мақұлдауы қажет.
Айта кетерлігі, көрші Аргентина керісінше бағытты таңдады. Ел президенті Хавьер Милеи жұмыс күнін сегіз сағаттан он екі сағатқа дейін ұзартуды және үстеме еңбекақы төлеуді шектеуді көздейтін заң жобасын қолдады. Құжатты Конгрестің төменгі палатасы мақұлдады, ал Сенаттың соңғы шешімі алдағы күндері белгілі болады.
Айта кетейік, Президент Клаудия Шейнбаум журналистер сұрағына жауап беріп жатқан сәтте магнитудасы 6,5 балға жеткен жер сілкінісі болған еді. Тербеліс залды шайқап, жер сілкінісі туралы ескерту жүйесі іске қосылған кезде ғана барып баспасөз мәслихатын тоқтатқан болатын.