Мексика президенті әлем чемпионатының ашылу матчына билетін сыйға тартады

Фото: mexiconewsdaily.com

АСТАНА.KAZINFORM - Мексика президенті Клаудия Шейнбаум 2026 жылғы әлем чемпионатының ашылу матчында ел атынан шығатын жеңімпазға байқау жариялады, себебі мемлекет басшысының өзі матчқа қатыса алмайды.

Байқау «Әлем чемпионатының ашылуында Мексика атынан шығу» деп аталады.

Президенттің өткен тамыз айында ФИФА президентінен алған 00001 нөмірлі жеке билеті бәске тігіледі.

- Ашылу күні менің орныма жас әйел шығады. Футбол ойнайтын әйел керемет өкіл болады деп ойлаймын, - деді Шейнбаум.

Бағдарламаға 16 жастан 25 жасқа дейінгі қыздар мен әйелдер қатыса алады.

BorderReport мәліметі бойынша, олар өздерінің футбол шеберліктерін көрсететін бір минуттық бейнежазба ұсынуы керек.

Фото: mexiconewsdaily.com

Видеоларды федералды үкімет басқаратын мексикалық Mundial Social веб-сайтына жүктеу керек.

Өтінімдер 9 наурыздан бастап 10 сәуірге дейін қабылданады.

Жеңімпазды іріктеу комиссиясы анықтайды.

2026 жылғы әлем чемпионаты Канадада, Мексикада және Америка Құрама Штаттарында 11 маусымнан 19 шілдеге дейін өтеді. Мексика мен Оңтүстік Африка арасындағы ашылу матчы 11 маусымда Мексикадағы Estadio Azteca стадионында өтеді деп жоспарланған. Финал 19 шілдеде Нью-Джерсиде өтеді.

Бұған дейін Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін сәтті бастағанын жазғанбыз.