Мексикада пойыз автобуспен соқтығысты: 10 адам қаза тауып, 61 адам жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Мексикада жүк пойызы жолды кесіп өтпек болған екі қабатты жолаушылар автобусымен соқтығысты. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 61 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Бұл туралы Синьхуа хабарлады.  

Фото: Видеодан алынған скрин

Оқиға канадалық Pacific Kansas City de Mexico теміржол компаниясына тиесілі пойызға қатысты. Компания оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, жүргізушілерді теміржол өткелдеріндегі жол белгілеріне назар аударуға шақырды.

Ғаламторда тарап жатқан фотосуреттерде автобустың үстіңгі палубасының алдыңғы бөлігі толығымен сынған, ал металл конструкциясы қатты зақымдалған. Оқиға орнын төтенше жағдайлар қызметі қоршауға алды. Соқтығыс ел астанасы Мехикодан 115 шақырым жердегі Атлакомулько қаласының маңындағы өнеркәсіптік ауданда болды.

Прокуратураның мәліметінше, қаза тапқандар арасында жеті әйел мен үш ер адам бар. Зардап шеккендердің кейбірі ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Латын Америкасында автобустардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар жиі кездеседі. Мексика үкіметінің соңғы есебіне сәйкес, 2023 жылы ел жолдарында 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 6 400 адам жарақат алып, 1 900 адам қаза тапқан. Тек ақпан айында Канкуннан Табаскоға бара жатқан автобус жүк көлігіне соғылып, 40-тан астам адам қаза тапқан болатын.

Автобустар Мексикадағы жолаушыларды тасымалдаудың негізгі құралы. Елде жүк пойыздары кеңінен таралса, жолаушылар пойыздарының саны шектеулі. Президент Клаудия Шейнбаумның үкіметі Мексиканың солтүстік және орталық аймақтарын байланыстыратын жолаушылар теміржол желісін кеңейту бойынша жұмыс жасап жатыр.

Еске сала кетейік, Мексика парламентінде депутаттар төбелесті.