Мектеп бағдарламасына жаңа міндетті пәндер енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мектепке дейінгі және бастауыш білім беру саласындағы кешенді жоспар мен жаңартулар туралы баяндады.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Осы негізде 2026-2028 жылдарға арналған мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Негізгі басымдықтардың бірі мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтудың жұмысын кеңейту, — деді министр.

Оның айтуынша, бастауыш білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер енгізілген.

— Себебі алғаш рет біздің жаңа Конституцияда бастауыш білім конституциялық мәртебеге ие болды. Осы негізде балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, оқу бағдарламаларының мазмұны кешенді түрде қайта қарастырылды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр бастауыш сыныптардағы математика пәні бойынша өзгерістерге тоқталды.

— Атап айтар болсақ, 1-4 сыныптарға арналған математика пәні бойынша 244 оқу мақсаты толық қайта қаралды. Оның ішінде оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін бірқатар мақсаттар алып тасталды, бірқатар мақсаттар жоғары сыныптарға ауыстырылды. Сонымен бірге пәннің практикалық бағыты күшейтілді, күрделі теориялық тақырыптардың көлемі қысқартылды және оқу жылының басы мен соңында өткенді қайталау бөлімдері сағаттармен енгізілді. 1-сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізілді. Бұл әртүрлі дайындық деңгейімен келген бүлдіршіндеріміздің білім беру процесіне жеңіл бейімделуіне, санау, оқу және жазу дағдыларын жүйелі қалыптастыруға зор мүмкіндік береді, — деді ол.

Сонымен қатар спикер тілдік пәндер бойынша да жаңартулар бар екенін атап өтті.

— Тілдік пәндердің мазмұны айтарлықтай жаңартылды. Әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа ұзартылды. Әліппе пәнін оқуға 84 сағат бөлінді. Сонымен бірге «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта 102 сағат көлемінде оқытылатын болады. Оқу бағдарламаларында ауызша сөйлеу мәдениеті, коммуникацияны дамыту, мәтінді түсініп түйсіну оқуы, оқырман сауаттылығы мен жазбаша коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар күшейтілді, — деді министр.

Оның айтуынша, білім беру мазмұны жаңа талаптарға сай жаңартылып жатыр.

— Бұдан бөлек, тұтастай алғанда мектепке дейінгі және бастауыш білім жаңа конституциялық білім беру саясатының берік іргетасына айналуы үшін бұл сапалы бастауышты білім сапалы орта білімнің, ал сапалы орта білім елдің бәсекеге қабілетті адам капиталының негізіне айналуы тиіс, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ министр жаңа оқу жылынан бастап енгізілген міндетті пәндерге тоқталды.

— Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұнына бірқатар жаңа міндетті курстар толықтырылды. Бұл 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы, 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізілді. Келесі оқу жылынан бастап 8-9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайта енгізілді. Бұған дейін таңдау пәні ретінде жүргізілген «Құқық негіздері» ендігі уақыттан бастап барлық оқушыларымыз үшін міндетті пәнге айналды. Жаңа Конституцияның қағидаттарына толық сәйкестендіріліп, жаңа мазмұнда оқытылатын болады, — деп толықтырды министр.

Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі қаралатынын жазғанбыз.