ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, алдағы уақытта мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мәселесіне баса назар аударылады. Осыған байланысты директорларды тағайындау қағидалары өзгерді.
«Жаңа қағидаларға сәйкес үміткер 4 этаптан тұратын конкурстан өтеді. Алдымен мектептің қамқоршылық кеңесінен өту керек. Одан кейін заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбат бар. Мектеп директоры тек 4 жылға тағайындалады. Әрі қарай жұмыс істеймін десе, конкурстан қайта өту мүмкіндігі бар», - деді Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.
Айта кетейік, мектептің қамқоршылық кеңесіне әкімдік өкілдері, мектеп басшылығы, демеушілер, мектеп түлектері, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта қамқоршылық кеңестердің белсенділігін көтеру көзделген. Сонда қоғам, ата-аналар тарапынан қойылатын талаптар жергілікті деңгейде шешілетін болады.
Биыл министрлік мұғалімдердің жүктемесіне қатысты бұйрықты да шығарды. Оған сәйкес, мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті. Бұдан бөлек, мектеп пен ата-аналар арасында келісімшарттар рәсімделеді. Аталған бастама алғаш рет биылғы оқу жылынан бастап енгізіліп отыр.