Оқулықтар Конституцияның жаңа нормаларымен толықты

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі жалпы білім беретін мектептерге арналған жаңа оқулықтарды әзірлеп, оларға жаңа Конституцияның нормалары енгізілді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2026 жылы 2, 3, 7, 8 және 9-сыныптардың оқу бағдарламалары жаңартылады. Жаңа оқулықтарға жаңартылған Конституцияның нормалары мен құндылықтары енгізілген.

— Преамбуладан бастап қамтылды. Сондай-ақ адам капиталын дамыту, мемлекеттік қызметтегі стратегиялық тәсілдер, білім мен ғылымды дамыту туралы айтылатын 3, 33, 41-баптар және өзге де баптар көрініс табады. Осы бағыттардың барлығы 1–11-сыныптар аралығындағы тақырыптар мен оқу мақсаттарына енгізіледі, — деді спикер Үкіметтегі брифинг барысында.

Сонымен қатар цифрлық сауаттылық пәнінің бағдарламасына жасанды интеллект тақырыптары енгізіледі. Аталған оқу модулі бастауыш сынып оқушылары үшін де қолжетімді болады.

— Бұған дейін бізде тек цифрлық сауаттылық болса, енді жаңа тақырыптар мен оқу мақсаттары қосылады — барлығы 12 сағат. 5-9-сыныптарда цифрлық сауаттылық пен информатика пәндері де жаңартылып, жаңа тақырыптар, жаңа мақсаттар және бақылау жұмыстарына арналған жаңа тәсілдер енгізіледі, — деп толықтырды Жұлдыз Сүлейменова.

Еске салсақ, оқу бағдарламаларының және оқулықтардың мазмұны қайта қаралған еді.

Сонымен қатар елімізде оқулықтарды дайындау және бақылау тәртібі жаңартылды.