Мектеп оқушылары қандай қылмысқа көп барады

АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысы Құлсары қаласында сыныптастарына балта алып жүгірген оқушы оқиғаға өзінің қорғану әрекеті ретінде барғанын айтқан. Оның анасының бұл мәлімдемесін ескере отырып тексеру жүргізілгені туралы сұрақтар қойылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов жауап берді.

– Қазіргі уақытта 293 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс аяқталған соң толық жауап береміз, - деді ол.

Сонымен қатар аталған комитеттің басқарма бастығы 2025 жылы кәмелетке толмағандардың қылмыстарының ішінде 34-і мектеп қабырғасында тіркелген, солардың басым бөлігі ұрлыққа қатысты екенін айтты. 

– Көбінесе ұрлық. Балалар бір-бірінен заттарын, телефонын ұрлайды, - деді Асет Оспанов.

Еске сала кетейік, бұған дейін мектептерде қауіпсіздікті күзет ұйымдары қамтамасыз ететінін жазған едік.