Баяндама барысында министр қазіргі таңда халықтың есірткіге тәуелділік деңгейі көңіл көншітерлік жағдайда емес екенін атап өтті. Мәселен, денсаулық сақтау органдарында есепте қырық мыңнан астам есірткі тұтынушы, соның ішінде үш мың әйел мен 1,7 мыңға тарта кәмелетке толмаған балалар тұр. «Алайда, сарапшылардың айтуынша, есірткіге шалдыққандардың саны ресми статистикадан әлдеқайда алшақ. Сондықтан да, біз нашақорлықты ертерек алдын алуын заңнамалық реттеу мәселесін пысықтағымыз келеді. Бұл ретте оқушылар мен студенттерді міндетті не болмаса ерікті түрде тестілеуден өткізу туралы сөз болып отыр. Мемлекеттік қызметшілерді, сонымен бірге қауіптілік деңгейі жоғары мамандықтар бойынша жұмысшыларды жұмысқа қабылдау кезінде мұндай тестілеуді енгізу тиімді болмақ», - дейді министр Қ. Қасымов. Бұдан бөлек, ведомство басшысы есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту жүйесінің тиімсіз екенін әрі дамымай отырғанын да тілге тиек етті. «Наркологиялық мекемелерде қазір есірткіге және ішімдікке салынған адамдар емделуде. Бұларда маскүнемдер мен нашақорларды мәжбүрлеп емдеуге арналған тоғыз мамандандырылған наркологиялық аурухана және өз еркімен емделуге арналған қарапайым ауруханаларда жиырма наркологиялық бөлімше бар. Сондықтан, медициналық әлеуметтік оңтайландырудың арнайы орталықтарын тек есірткіге тәуелді адамдар үшін құру қажеттілігі туындап отыр», - дейді ол.
11:32, 13 Қаңтар 2014
Мектеп оқушыларынан бастап, мемлекеттік қызметшіге дейін есірткіге тәуелділікке қатысты міндетті тестілеуден өткізу керек - ІІМ
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Есірткіге тәуелділік тестісін мектеп оқушыларынан бастап, мемлекеттік қызметшіге дейін ерікті немесе міндетті түрде енгізу керек. Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағаты барысында баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осындай пікір білдірді.