«Мектепке жол» акциясы өткелі 6 жылда 2 млн-ға жуық бала материалдық көмек алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Мектепке жол» акциясы өткізіліп келе жатқан 6 жылда 2 млн-ға жуық бала материалдық көмек алды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев айтты.

«Акцияны өткізіп келе жатқан 6 жыл ішінде 2 миллионға жуық бала шамамен 8 миллиард 300 миллион теңгенің материалдық көмегін алды. Акцияның басты мақсаттарының бірі - әкімдіктерді, білім беру органдарын, мәслихаттарды, меценаттар мен демеушілерді және де бұқаралық ақпарат құралдарын мектеп жасындағы балаларға көмек қолын созуға шақыру болды. Мәселен, акция басталғалы меценаттар мен демеушілер мұқтаж балаларға жалпы сомасы 3,3 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетті», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, акцияның тұрақты серіктестері «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры, «ҚазАэроСервис» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ және «КарТел» компаниясы.