«Мектепке жол» акциясының он күнінде 16 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мектепке жол» акциясының он күнінде 16 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.

«2015 жылғы 1 тамыздан бастап жалпы еліміз бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Он күннің мониторингіне тоқталсақ, 16 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 122 млн. теңгені құрайтын көмек көрсетілді. Бұл акциядағы басты мақсат - аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсетіп, мектепке даярлау. Осындай шаралардың аясында мектепке бара алмай жүрген оқушыларлың санын барынша азайтуға мүмкіндік жасалуда», - деді Е. Иманғалиев.

Бұдан бөлек, ол балаларды сауықтыру шараларына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік бюджет есебінен биыл мектеп жасындағы балаларды сауықтыру шараларына 3 млрд. 115 млн. теңге тартылды.

«Бүгінде балаларға арналған 11 092 сауықтыру лагерлері мен алаңқайлар жұмыс істеп жүр. Бұл тұрғыда 1-10 сыныпта оқитын балалар саны 2,5 млн. болса, олардың 60,1 пайызы осындай шаралармен қатылған. Республикада 300-ден астам еңбекпен баулу және демалыс лагерьлері, 2 мыңнан астам еңбек жасақтары бар. Сол жерлерде пікірсайыс лагерьлері жасақталған. 10 мың үйірмелер мен клубтар бар», - деді министрдің орынбасары.