Мектепте білім берудің стратегиялық әрі тактикалық мақсаттарын анықтау қажет - ҚР Білім және ғылым министрлігі

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда мектепте білім берудің стратегиялық әрі тактикалық мақсаттарын анықтау қажет. Бүгін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде басталған ҚР Филологтарының I съезінде ҚР Білім және ғылым министрлігі орта және мектепке дейін білім департаментінің директоры Жаңыл Жантаева осылай айтты.

Оның хабарлауынша, бүгінде Қазақстанның білім беру саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында көптілді білімге ерекше басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты филология саласын жаңғырту арқылы оны ұлтаралық келісімнің негізгі құралы ретінде айқындау жоспарланған. «Ал бүгінгі форумда әлемдік білім беру кеңістігіне ену жағдайында мектеп филологиясын жаңартудың өзекті мәселелері талқыланады. Соның ішінде мектепте әдебиет пен тілді оқытудың электронды жүйесін жетілдіру, филологиялық пәндердің мазмұнын жаңарту, білім берудің барлық деңгейінде ағылшын тілін ерте жаста маңгеру, оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту, жаңа оқу-әдістемелік құралдары дайындау және тағы басқа проблемалар бар. Бүгінде осы мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарының стратегиялық және тактикалық мақсаттарын анықтау қажет», - деп атап көрсетті Ж.Жантаева.