Мектепте смартфонға тыйым салу мәселесінде жаңа тәртіп енгізіледі — заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі смартфонды пайдалану тәртібін айқындайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті. 

Фото: Midjourney

— Бүгінде әр мектеп смартфондарды пайдалану саясатын өз бетінше айқындайды, яғни бірыңғай ереже жоқ. Тәжірибе жүзінде бұл жағдай мектеп директорларының шешім қабылдаудан қашуына әкеп соғады. Өйткені ата-аналармен пікірталастан, шағымдардан қорқады. Нәтижесінде, бір мектепте телефонға тыйым салынса, көрші мектепте ондай тыйым жоқ, ал үшінші мектепте мүлдем басқа жағдай қалыптасқан. Біз бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынамыз. Министрлік бірыңғай саясатты айқындайды және ол тәртіп еліміздің барлық мектебінде қолданылады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігіне мектептерде смартфондарды пайдалануға толық тыйым салу құзыреті берілуі мүмкін екенін жазған едік.