Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.
Оның айтуынша, формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы нәтижесін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім немесе бөлімдер аяқталғаннан кейін сол кезеңде меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға бағытталады.
– Аралық бағалаудың енгізілуімен бағалау жұмыстарының құрылымы да өзгереді. Бұған дейін бөлім аяқталған соң БЖБ өткізіліп, тоқсан соңында сол тоқсанда өткен бөлімдердің мазмұнын қамтитын ТЖБ орындалатын. Яғни бөлім бойынша бағаланатын оқу материалы тоқсандық жиынтық бағалау барысында қайта қамтылатын жағдайлар болды, – деді Шынар Ақпарова.
Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады. Осылайша тоқсан соңында бұрын бағаланған бөлімдерді қайта қамтитын жеке жиынтық жұмыс жүргізілмейді.
– Бұған дейін математика пәнінен бір тоқсанда 3 БЖБ және 1 ТЖБ өткізілсе, оқушы барлығы 4 бағалау жұмысын орындайтын. Жаңа тәртіпте тиісті бөлімдер аяқталған сайын әр бөлімнен кейін аралық бағалау жүргізіледі, ал тоқсан соңындағы жеке ТЖБ алып тасталады, – деді ол.
Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Министрлік бұл өзгеріс оқушының бағалау жүктемесін оңтайландыруға, сондай-ақ педагогтің ТЖБ тапсырмаларын бөлек әзірлеуге, өткізуге және тексеруге жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп отыр.
Сонымен қатар аралық бағалаудың өткізілу форматы мен мазмұны да өзгереді.
– Бұған дейін диктант, бақылау жұмысы, шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстары формативтік бағалау аясында өткізіліп, оларды орындауға сабақтың шамамен 20–25 минуты бөлінетін. Енді мұндай жұмыстар аралық бағалаудың негізгі нысандарының бірі ретінде өткізіліп, оларды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, елімізде биыл бастауыш сыныптарда бағалаудың жаңа тәсілдері енгізіледі.