Мектептерде 2-4-сынып оқушыларының аралық бағалауы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Бағалау форматы пәнге байланысты:

қазақ тілі немесе орыс тілі — диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады;

әдебиеттік оқу — шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі;

математика — бақылау жұмысы. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы — 40 минут. Ең жоғары балл: 2-сыныпта — 12, 3-сыныпта — 14, 4-сыныпта — 16 балл.

— Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады, — делінген министрлік хабарламасында.

Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды.

1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.

Бағалаудың негізгі мақсаты — оқушыға тек баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беру. Бағалау баланың алға жылжуына көмектесетін кері байланыс құралы болуы тиіс.

Айта кетелік бірнеше пәннен жылдық бағасы «2» болған оқушы оқу жылын қайта оқуға қалдырылады