Мектептерде БЖБ мен ТЖБ толық алынып тастала ма — министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте оқушылар үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Министрдің айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігі БЖБ мен ТЖБ мәселелері бойынша үлкен аналитикалық жұмыс жүргізіп жатыр.

— БЖБ мен ТЖБ Қазақстан Республикасының білім беру стандартында қарастырылған критериалды бағалау жүйесі. Сондықтан біз стандартқа диктант, шығарма, мазмұндама секілді жеке бақылау жұмыстарын енгізіп жатырмыз. Сол себепті БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тартамыз деп ойлаймыз. Мұндай өзгерістерді енгізу үшін нақты негіздеме мен жан-жақты сараптама қажет, — деді министр.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сонымен қатар спикер биыл Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті 2025–2026 оқу жылындағы 1–11 сыныптар бойынша тек БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты талдау жүргізіп, тапсырмалар мен жауаптарды қарастырғанын атап өтті.

— Алайда кейбір жүйелер БЖБ мен ТЖБ жауаптарын жүктемейді. Сондықтан тамыз конференциясына дейін қай сыныптарда бұл жүйе сақталатынын, ал қай сыныптарда басқа бағалау түрімен алмастырылатынын нақты айтамыз, — деп толықтырды ведомство басшысы.

Бұған дейін педагог қызметін бағалау жүйесі жаңаратынын жазғанбыз.