Мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң динамика байқалады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң динамика байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: shutterstock.com

«Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұл бағытта төмендегі нормативтік-құқықтық актілер қабылданды: білім беру саласындағы террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық; білім беру ұйымдарына енгізуге тыйым салынған заттар мен заттардың тізбесі; мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру стандарттары», - деді ол.

Сонымен қатар, министрдің атап өтуінше, 2023 жылғы ақпан айында білім беру ұйымдарына кіруге рұқсат беру ережесінің жобасы әзірленді.

«Министрлік білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отыр. Мониторинг нәтижесіне сәйкес білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң динамика байқалады. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету – 2,5 есеге, жедел басқару орталықтарына қосылу – 11 есеге, лицензияланған күзетпен қамту – 7 есеге, дабыл түймесін орнату 21 есеге артқан», - деді Ғани Бейсембаев.