Мемқызметке орналасуда кандидаттың жеке сектордағы еңбек өтілі ескеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдау бойынша біліктілік талаптары қысқартылды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына сұхбат берген Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір біз біліктілік талаптарын қайта қарап, үш позицияға дейін қысқарттық. Яғни, бұрын 65 беттен тұратын талмуд қазір 30 бетке дейін азайды. Ол оқуға ыңғайлы, түсінікті болды», - деді Азамат Жолманов.

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде жұмыс тәжірибесі ретінде мемлекеттік сектор мен жеке сектордағы қызмет өтілі бірдей ескеріледі.

«Яғни, егер сіз мемлекеттік қызметте – 4, ал жеке секторда 5 жыл жұмыс істеген болсаңыз, енді олар қосылып 9 жыл жұмыс өтіліне теңеледі. Бұл бұрын әртүрлі жұмыс тәжірибесі болып саналатын. Осылайша, бұл сізге шартты түрде департамент директоры лауазымына тағайындалуға мүмкіндік береді. Біз жеке сектор өкілдері үшін мемлекеттік қызметке қандай да бір шектеусіз кіруге мүмкіндік аштық», - деп түсіндірді Азамат Жолманов.