Бүгін Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың төрағалығымен алдағы кезеңге арналған жұмыс басымдықтарын талқылау бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тиімді және сапалы іс-қимылы жөнінде айтылды.
«Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмасын орындау үшін мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен өзара іс-қимыл дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлу, оларды Мемлекеттік басқару академиясының базасында БАҚ-тағы, әлеуметтік желілердегі резонанстық жарияланымдарға дұрыс әрекет ете білуге үйрету қажет», - деді ведомство басшысы.
Академияға бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың басшылықтағы қызметкерлеріне осындай дағдыларды оқыту бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.
«Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында білім беру жүйесі - экономиканың бір бөлігі екенін атап өтті. Әрбір мемлекеттік қызметшінің біліктілігі, халықпен және халықтың мүддесі үшін жұмыс істеу қабілеті - мемлекеттік аппарат пен қоғам арасында сенімді қарым-қатынас құрудағы негізгі элемент болады», - деді ведомство басшысы.
Анар Жайылғанованың сөзінше, мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың мүддесі мен құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады.
«Бүгінгі таңда агенттікке келіп түскен өтініштер санының өскені байқалады, бұл - халықтың біздің жұмысымызға деген сенімінің көрсеткіші. Осы ретте, біз олардың сапалы және уақтылы қаралуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Әрбір шағым жан-жақты зерделеніп, қисынды аяқталуға тиіс», - деді агенттік төрағасы.
Анар Жайылғанова өтініштерді сапасыз қарау фактілері талданып, кінәлілерге қатысты елеулі шаралар қабылданатынын ескертті.