Тоқаев Абу Дабидің Тақ мұрагерімен инвестициялық жобаларды талқылады

АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XVIII БРИКС саммиті аясында Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның Астанаға жасаған сапарының тарихи маңызын атап өтті. Оның аясында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін берген маңызды құжаттарға қол қойылған еді.

Фото: Ақорда

– Өзара ынтымақтастығымыз шын мәнінде сан қырлы сипатқа ие және көптеген бағытты қамтиды. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысты ілгерілету үшін күш жұмылдыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Президент пен Абу Дабидің Тақ мұрагері энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технология және ауыл шаруашылығы салаларында табысты іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Аталған бастамалар экономикалық ықпалдастықты жандандырып, өзара сауда-саттық көлемін арттыруға септігін тигізеді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға жылы лебізін жолдап, оның Қазақстанға сапармен келуін күтетінін айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Дели қаласына барды.