Президент Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен бірге Ұлттық балаларды оңалту орталығына барды

АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Мәртебелі меймандар дамуында ауытқуы бар балаларға кешенді көмек көрсету тәртібімен танысты. 

Фото: Ақорда

Бельгия Королі мен Патшайымына ерекше қажеттіліктері бар балалардың коммуникативтік дағдыларын, таным-түйсігін және өз бетінше әрекет ету қабілетін шыңдауға бағытталған медициналық, психологиялық-педагогикалық оңалтудың және әлеуметтік бейімдеудің заманауи әдістері туралы баяндалды. 

Жеке қалпына келтіру бағдарламаларында роботтандырылған реабилитация технологиясы да қолданылады.

Фото: Ақорда

Орталық жұмысында әлеуметтік интеграцияға және балалардың қоғам тіршілігінен тыс қалмай, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға айрықша мән беріледі.

Король Филипп пен Патшайым Матильда балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, интерактивті бағдарламаға қатысты.

Фото: Ақорда

Бұдан кейін меймандар Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Ұлттық балаларды оңалту орталығы психоневрологиялық дертке шалдыққан, сөйлеуінде, когнитивті дамуында және мінез-құлқында бұзылыстары бар, соның ішінде церебралды сал аурына душар болған және аутистік спектрі бұзылған балаларға кешенді көмек ұсынады. 

Фото: Ақорда

Жыл сайын Қазақстанның барлық аймағынан 5 мыңнан астам пациентке оңалту қызметтері көрсетіледі.

Айта кетейік, 11-14 қазан күндері Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді.

Фото: Ақорда

Сапар бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, сондай-ақ тарих пен мәдениет.

Бельгияның федералдық министрі Жан-Люк Крюйке қазақстандықтар қызметтік паспортпен Еуропаның үш еліне визасыз бара алатынын мәлімдеген еді.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда