Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Антониу Коштамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың символдық мәнге ие екеніне тоқталды. Еліміз — Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.

— Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен «ЕО — Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін, — деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта Мемлекет басшысымен келіссөз жүргізу үшін Ақордаға келгенін жазғанбыз.