Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің киберқауіпсіздік жөніндегі отырысын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарға арналған цифрлық ортаны қорғау мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін міндет жүктегенін айтты. Бұл үшін кешенді шара қабылдау, соның ішінде киберқауіпсіздік саласында да ауқымды жұмыс атқару қажет.

Фото: Ақорда

— Жиын барысында қазіргі заманғы киберқатерлер мен оған қарсы іс-қимыл әдістері, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, киберқауіпсіздік индустриясын дамыту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды, — делінген хабарламада.

Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев баяндама жасады.

Президент киберқылмыспен, соның ішінде кибералаяқтықпен күрестің маңызына тоқталды.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар киберқылмыстарды тергеуге қатысатын мемлекеттік органдардың құзыретін арттыру шараларына баса назар аударды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жеке деректерін қорғауды және дербес мәліметтерді таратқаны үшін берілетін жазаны күшейтуді басты міндет ретінде атады.

Сондай-ақ киберортадағы қауіпсіздік пен жауапты әрекет қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын күшейту қажет.

Фото: Ақорда

Отырыс соңында Мемлекет басшысы стратегиялық тәуекелдерді азайтып, киберқауіпсіздік мәселелерін жүйелі түрде шешу мақсатында бірқатар шара қабылдауды тапсырды.

Осыған дейін Президент бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтағанын жазған едік.