Мемлекет басшысы шахматтан әлем чемпионы Қазыбек Нөгербекті құттықтады

Фото: Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның Гандинагар қаласында өткен халықаралық жарыста әлем чемпионы атанған Қазыбек Нөгербекке құттықтау жеделхатын жолдады. 

— Ел намысын қорғап, үздік шахматшы ретінде гроссмейстер дәрежесін иеленіп, жеңімпаз атану — зор жетістік. Ұлтымыздың абыройын асқақтататын өзің сияқты алғыр да ақылды ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да жарқын жеңістерге және арман-мақсаттарыңа жете беруіңе тілектеспін, — делінген жеделхатта.

Еске сала кетейік, кеше Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған болатын. 

Дүбірлі дода 2-13 маусым аралығында Үндістанның Гандинагар қаласында өтті.

Бүгінге дейін мұндай жетістікке елімізден үш шахматшы қол жеткізген. 

Атап айтқанда, Дәрмен Сәдуақасов — 1998, Динара Сәдуақасова — 2016, Жансая Әбдімәлік — 2017 жылы жеңіс тұғырынан көрінген.