Мемлекет басшысы ҚР-да дуальды оқытуды енгізуде Еуропа тәжірибесін зерттеуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда дуальдық оқыту жүйесін енгізуде еуропалық тәжірибені мұқият зерттеу қажеттігін тапсырды.

Президент тиісті тапсырманы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен кездесу кезінде берді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Н.Назарбаев білім беру, соның ішінде инновациялық білім беру дамудың ең басты мәселесі болып отырғанын атап көрсетті.

«Жастардың мектепте оқуының, техникалық-өндірістік және жоғары білім алуының маңызы зор. Компаниялар мемлекеттің көмегімен жастарды даярлау мәселесін өз мойнына алуы үшін дуальдық оқыту жүйесін дамытқан жөн. Ол үшін Еуропа елдерінің тәжірибесін тағы да мұқият зерттеу қажет», - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті университеттердің автономды болу қағидаттарын айқын түсіну қажеттігін де атап өтті.

«Автономды болу оқу бағдарламаларына, біліктілікті арттыру мәселелеріне, білім сапасына, тәжірибелі оқытушы-профессорлық құрамды тартуға қатысты. Алайда кейбіреулер автономдылықты жоғары оқу орнының дербестігі, ректорларының өзгермейтіндігі, одан әрі жекешеленуі деп түсінуде. Сондықтан жоғары оқу орындарының автономды болуының мақсаты, міндеттері және шарттарына қатысты нақты бағдарды айқындап берген жөн», - деді Мемлекет басшысы.