- Конституцияда ғылымды стратегиялық басымдық ретінде белгілеу басқарудың жаңа логикасын талап етеді. Мемлекет ғылыми процестің өзіне емес, ел үшін технологиялық және экономикалық нәтижеге қол жеткізуді қаржыландыруға тиіс. Аталған проблемалар бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін жүйелі түрде қадағалап отырады, - деді ол.
Палата төрағасының айтуынша, биыл ғылым саласында жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 47 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 16 млрд теңгеге шығын және жіберіп алған пайда фактілері анықталды.
- 36 факт бойынша материалдар әкімшілік істі қозғау үшін өкілетті органдарға жіберілді, 3 факт бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына жіберу жөнінде шешім қабылданды. Осы жылғы аудит қорытындысы бойынша Үкіметке 5 ұсыным және аудит объектілеріне 66 тапсырма берілді, - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат толық ғылымға бағытталмайтынын жазған едік.