- Жаңа ғана форум тақырыбы бойынша өзекті ойлар мен құнды пікірлер айтылды. Алдағы уақытта Үкімет бұл жұмысты міндетті түрде назарда ұстайды. Шын мәнінде, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл - көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы еліміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып жатқанын еске салды.
- Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті, - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев әкімшілік соттар жұмысының алғашқы жылдары реформаның тиімділігін көрсеткенін айтты.