Депутаттар шетелге берілген балалардың тағдыры туралы толық ақпарат беруді сұрап отыр.
«Бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген жағымсыз хабар таралғалы, әлеуметтік желілерде жетім балаларды сату және айырбастау туралы жарнама беріліп, таратылған хабарландырулар әшкере болды. Бұл саудаға түскен балалардың ішінде Қазақстаннан асырап алынған біздің азаматтарымыз да бар. Яғни, тағдыры ауыр осы бейбақ балаларымызды кейбір шетелдік асырап алушы ата-аналары біраз уақыттан кейін саудаға шығарып, сатып жіберетіндігі белгілі болып отыр», - дейді депутат Жамбыл Ахметбеков. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш сайттар балаларды сатумен қоса, оларды алмастыру, ауыстырумен де айналысқан.
«Бұл сұмдық қылмысты қазір естуімізше, америкалық құқыққорғау органдары тексеруде екен. Жауапкерлер жауапқа тартылар, заңсыз жарнамашы сайттар жабылар. Бірақ бұл факті біздің бейбақ балаларымыздың тағдырынан, олардың қазіргі ахуалының жағдайынан хабардар етеді», - дейді депутат. Ж. Ахметбековтің айтуынша, қазақстандық сәбилер шетел асқаннан соң ел билігінде жеткіншектеріміздің тағдырына араласу тетіктері аз. Сондықтан да, мұндай фактілер шетелге асырауға берілген бөбектеріміздің жаңа отбасында барлығы бірдей бақытты бола бермейтінін көрсетіп отыр.
«Сондықтан Білім және ғылым министрлігі шетел асқан қазақстандық балаларға қатысты мәліметтерді түгендеп, олардың әрқайсысының тағдырын бақылауға алуға міндетті», - дейді депутат Ж. Ахметбеков.