«Жоғарыда аталып өтілгендей, ағымдағы жылы да мемлекеттік грант көлемі өткен жылғы деңгейде қалып, қысқартылған жоқ. Бірақ, мемлекеттік гранттарды мамандықтарға бөлу барысында басымдық инженерлік-техникалық, ауыл шаруашылығы, ветеринария салаларына басымдық берілді. Сондықтан да экономика, заңгерлік сынды бірқатар мамандықтарға грант саны қысқартылған болатын, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар ол ағымдағы жылы 39 «Алтын белгі» иегерінің мемлекеттік грантқа іліге алмай қалғанын тағы бір еске салып өтті.
«Мемлекеттік гранттарды тағайындау жөніндегі комиссия отырысында министр бұл санатқа жататын талантты балалардың жоғары оқу орнына қабылдануын ректорлардың назарына ерекше салған болатын. Сенбі күнгі жағдайға сәйкес 39 «Алтын белгі» иегерінің 23-і жоғары оқу орнына қабылданғанын айта аламын», - деді С.Өмірбаев.
Ол өз сөзінде қалған «Алтын белгі» иегерлерінің де таяу уақытта жоғары оқу орнына қабылданатындығына уәде берді.