Мемлекеттік тілді дамытуға арналған 28 ғылыми жобаға 161,5 млн. теңге бөлініп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілді дамытуға арналған 28 ғылыми жобаға 2014 жылға 161,5 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінде «Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында мәлім болды.

Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевтың айтуынша, ғылым саласында мемлекеттік тілді дамыту жобалары бойынша А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Мемлекеттік тілді дамыту институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа ғылыми, білім беру ұйымдарында қарастырылып отыр.

«Жалпы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында қазақ тілінде даярлық жүргізу ауқымы үздіксіз артып отыр. Егер 2011-2012 оқу жылында мемлекеттік тілде білім алушылар барлық студенттердің 54 пайызын құраса, ағымдағы оқу жылында барлық 527,2 мың студенттің 58 пайызы немесе 305 мың студент қазақ тілінде оқиды. Ал техникалық және кәсіптік білім беру саласында 718 колледжде 145 таза қазақ тіліндегі және 573 екі тілде білім беретін ұйымдарда мамандар мемлекеттік тілде даярланады. 181 мамандық бойынша даярланатын 457,6 мың студенттің 57,7 пайызы немесе 264,2 мыңы қазақ тілінде білім алуда», - дейді вице-министр.