Мемлекеттiк университеттердiң бiр бөлiгi шетел және отандық инвесторлар консорциумдарының сенiмдi басқаруына берiледi - Б.Жұмағұлов

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекеттiк университеттердiң бiр бөлiгi шетел және отандық инвесторлар консорциумдарының сенiмдi басқаруына берiледi.

Бұл туралы бүгiн Астанада өткен халықаралық форумда ҚР Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов мәлiм еттi.

"Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерiнiң тауар нарығын, қызмет көрсету саласын және жұмыс күштерiн бiрiктiретiн Еуразиялық экономикалық одақты құру iсi қарқын алуда. Оның сәттi жүзеге асырылуы үшiн жоғары бiлiм беру және ғылым саласының дамуы үлкен рөл атқарады. Осы мақсатта бiз ең алдымен академиялық ортаны еуразиялық және жалпы әлемдiк кеңiстiк аясында ықпалдастыруды көздеудемiз. Жақын болашақта әрiптестiктiң тағы бiр формасы ретiнде, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен мемлекеттiк университеттердiң бiр бөлiгi шетел және отандық инвесторлар консорциумдарының сенiмдi басқаруына берiледi. Бұл негiзiнен техникалық бағыттағы университеттерге байланысты болмақ. Қазiр осы жұмыспен бiз белсендi айналысудамыз", - дедi министр.