Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі қашан жарияланады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік білім беру гранттары конкурсының қорытындысы мен грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына құжат қабылдау жалғасып жатыр.

— Құжаттарды 20 шілдені қоса алғанға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, білім туралы құжат, фотосурет және қажет болған жағдайда жеңілдік санатын растайтын құжаттар ұсынылады, — деді комитет төрағасы.

Еске салайық, биылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде тест 422 мың рет тапсырылды.