Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіледі

Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

- Қала құрылысы құжаттарын қабылдау процестерін орталықтандыру мақсатында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Ол талаптарға сәйкес келмейтін құжаттарды беру мүмкіндігін шектейді. Қазірде қала құрылысы кадастрының цифрлық базасы еліміз бойынша барлық 89 қаланың жобаларын және инженерлік желілердің 94 пайызын қамтиды. Сондай-ақ оған жалпы аумағы 824 мың гектар болатын жерлердің цифрлық топографиялық деректері енгізілген. Пилоттық жоба аясында аталған цифрлық жүйе арқылы әкімдіктер бастапқы рұқсат құжаттарын беру, эскиз жобаларды келісу және техникалық шарттарды беру сияқты 146 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, - деді министр.

Алайда оның айтуынша, рұқсат беру процесін сапалы автоматтандыру үшін әкімдіктерге қалалық жоспарлау құжаттарын жаңартуды жеделдету қажет.

- Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс қарқыны ең төмен өңірлер қатарына Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары және Абай облысы кіреді, - деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, 2026 жылдың 1 шілдесінде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Оның аясында 138 нормативтік-құқықтық акті өзектендіріледі.