Мемлекеттік кеңесші балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жиын өткізді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқосуға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қатысты.

Жиында Астана және Алматы қалалары, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасап, балалар қауіпсіздігін қорғау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Ерлан Қарин балалар құқығы мен қауіпсіздігін қорғау ішкі саясат саласының басым бағыты әрі Мемлекет басшысының жіті назарындағы мәселе екенін еске салды.

Мемлекеттік кеңесші елімізде балалардың құқығын қорғау саласында заңнамалық және институционалдық негіздер қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар «Қазақстан балалары» бағдарламасының жобасы аясында 100-ден астам іс-шарадан тұратын кешенді шаралар қарастырылып отырғанын жеткізді. Мұның барлығы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіруге бағытталған.

Ерлан Қарин Оқу-ағарту министрлігіне аталған бағыттағы жұмысты ұтымды үйлестіріп, бірлескен іс-қимыл шаралары мен тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

Өңірлер басшылығының қатысуымен мұндай жиындар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жаңа оқу жылының басынан бастап еліміздің барлық балабақшаларында, мектептерінде және колледждерінде 1,4 млн-нан астам «Жеке қауіпсіздік» сабағы өткізілді.