Қазақстан саяси өмірдің жоғары динамикасы мен ілгерілеуге деген ұмтылысын көрсетіп отыр – Ерлан Қарин

Фото: Серікжан Қобланбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Жаңа Конституция бойынша өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумда дауыс берді. Ол өз таңдауын елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы №129 учаскеде жасады.

– Бүгінгі референдум конституциялық реформа бойынша жарты жылдан астам уақытқа созылған қоғамдық талқылаулардың қорытындысын шығарады. 189 күн бойы өткен талқылауға мыңдаған азаматтар, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Осы кезеңде біз қоғамдағы белсенділікті және азаматтардың кеңінен қатысқанын көрдік, – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші бұл референдум негізінен Қазақстанның болашағын айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгін азаматтар қандай қоғам құратынымызды, еліміздің қандай құндылықтар мен қағидаттар негізінде дамитынын шешеді.

– Еске салайын, бұл – соңғы төрт жылдағы үшінші референдум. Президенттің маңызды әрі негізгі шешімдер референдум арқылы, яғни барлық азаматтың пікірін ескере отырып қабылдануы керек деген қағидаты еліміздің саяси өміріндегі қалыпты әрі орныққан тәжірибеге айналды, – деді ол.

Сондай-ақ ол өз сөзінде соңғы жылдары Қазақстан ашық диалог жүргізу және мемлекет пен қоғамның бірлесіп шешім қабылдауы тұрғысынан баршаға үлгі көрсетіп келе жатқанын айтты. Біздің еліміз саяси өмірдің жоғары серпінін және дамуға ұмтылысын көрсетіп отыр, деді ол.

Мемлекеттік кеңесші бұған дейін Конституциялық комиссияның XII отырысында заңгерлер мен тіл мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жаңа Ата заң мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай әрі құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналғанын атап өткен болатын.

Айта кетейік, Қазақстан үлкен саяси өзгерістер қарсаңында тұр. Жалпыхалықтық референдум елдің даму бағытын айқындайтын маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр. Осы орайда елорда тұрғындары да өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын білдірген еді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс берушілер референдум күні тіркелген жері бойынша учаскеге барып дауыс береді. Ал ешқайда тіркелмеген азаматтарға дауыс беру учаскесіне бір тәулікке тіркелу мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгін республика бойынша 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр.