Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы 400 мың заң бұзушылық: 627 қызметкер жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына 2 мыңнан астам бақылау жүргізген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәлім етті.

Фото: Kazinform

Бүгінде елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 1 476 түрі бар. Олардың қатарында құжаттарды беру және тіркеу, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау, анықтамалар мен лицензиялар беру және басқа да қызметтер бар.

— Жүргізілген бақылау нәтижесінде 400 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, 10 мыңнан астам азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, — делінген агенттіктің хабарламасында.

Биыл заң бұзушылықтарға байланысты мемлекеттік органдарға 1010 ұсыным енгізілген.

— 627 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі мен тәртібін бұзған лауазымды тұлғаларға қатысты 433 әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен бюджетке 24,5 миллион теңге айыппұл өндірілді, — деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа мансаптық өсу тетігі енгізіледі.