Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облыстық департаментінің басшысы ауысты

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Алматы облысы активіне агенттіктің өңірлік департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымына тағайындалған Арсен Жақыповты таныстырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті

Арсен Абзалұлы Жақыпов 1993 жылы дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «құқықтану», ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «өңірлік даму» мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасымен Йорк университетінде (Ұлыбритания) білім алған.

Еңбек жолын Талдықорған қаласы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекші маманы болып бастады. Нарынқол ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының жетекші маманы және мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс басқармасының бас сарапшысы және мемлекеттік органдарда қоғамдық қатысу және ашықтық қағидаттарын дамыту басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.

Аталған лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы Павлодар облысы бойынша өкілдігінің басшысы қызметін атқарды.