Мемлекеттік қызметке үміткер 73 мыңнан астам кандидаттың қаншасы өтті

АСТАНА.KAZINFORM — Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасу үшін 73 мыңнан астам кандидат бақ сынап, оның 8 398-і жеңімпаз атанды. Жаңа цифрлық іріктеу жүйесі конкурс мерзімін 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартты. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәлім етті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Агенттіктің мәліметінше, 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу арқылы мемлекеттік қызмет саласына қатысты кадрлық процестер цифрлық форматқа көшірілген.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыруды, барлық конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін «eqyzmet.gov.kz» жүйесінің сыртқы порталы әзірленді. Бос лауазымды таңдау және конкурсқа қатысуға өтінім беруден бастап лауазымға тағайындауға дейінгі барлық процестер толық автоматтандырылған және «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа цифрлық іріктеу бүкіл мемлекеттік аппаратты қамтыды.

Цифрлық іріктеу кандидаттар арасындағы бәсекелестікті арттырды. 2025 жылы бір бос орынға орта есеппен 6-7 кандидаттан келеді. Бұл дәстүрлі іріктеумен салыстырғанда 4 есеге көп.

— Биылғы жылдың I жартыжылдық қорытындысы бойынша 10 607 бос мемлекеттік лауазымға 73 211 кандидат қатысып, 8 398 кандидат жеңімпаз деп танылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жаңа жүйе конкурстық рәсімдердің мерзімін қысқартты: мемлекеттік орган бос лауазымды 5–7 жұмыс күні ішінде толтыра алады. Бұған дейін бұл процесс 23–30 жұмыс күнін алатын.

Айта кетейік, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы 400 мың заң бұзушылықанықталып, 627 қызметкер жазаланды.