Мемлекеттік қызметшілер міндетті есірткі скринингінен өтеді

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Мұндай тексерістен бас тартса, жұмыстан шығарылады. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. 

– Таныстырылған заңға сай, есірткі скринингі жыл сайын ұйымдастырылады. Мемлекеттік қызметшілердің арасындағы басшылық құрамға кіретіндері одан өтуге міндетті. Сондай-ақ мемлекеттік құпияларға байланысты қызмет атқаратын тұлғалар да осы санатқа кіреді, - деді ол.

Сонымен бірге, есірткі скринингі кенеттен ұйымдастырылады. 

– Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге наурыз айында тексеріс болады деп алдын-ала айтылмайды. Скрининг күтпеген жерден, тосыннан болады. Ол жөнінде хабарланғаннан кейін, лауазымды тұлға 48 сағат ішінде есірткі скринингінен өтуі тиіс, - деді Салауат Мүксімов. 

Ол тексерістен кейінгі шара жөнінде де мәлімдеді.

– Есірткі немесе психотроптық заттарды қолданғаны анықталған жағдайда мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылады. Ал егер мұндай тексерістен өтуден бас тартса, бұл есірткі пайдаланатынын мойындаған болып есептеледі де, қызметінен босатылады, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары. 

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы мен ілеспе құжат мақұлданғанын жазғанбыз.