Мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі 30 пайызға дейін төмендейді - Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект мүмкіндіктері 2029 жылға қарай ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін екі есе қысқартады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

- Мемлекеттік басқарудың платформалық моделіне көшудеміз. Жасанды интеллект қазірдің өзінде өтініштерді өңдеу, хаттамалар дайындау және аударма жасау үшін қолданылып келеді. Мемлекеттік қызметшілер AI-құралдарын өз бетінше әзірлеуді үйреніп жатыр. Суперкомпьютерлердің есептеу қуаттары стартаптарға, жоғары оқу орындарына, мемлекеттік органдар мен компанияларға қолжетімді, - деді Ж.Мәдиев.

Оның айтуынша, Ұлттық жасанды интеллект платформасы AI-шешімдерін әзірлеуге арналған бірыңғай орта ұсынады. Сондай-ақ тренингтерге, деректер жиынтықтары мен үлкен тілдік модельдерге қолжетімділік ашылды. Бұл өз бетінше білім алуға және экономиканың түрлі салаларына арналған AI-өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

- Осы құралдарды кеңінен қолдану күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандыруға мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдері екі есе қысқарып, мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесі 30% деңгейіне дейін төмендеуі тиіс, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, қалалық сервистерді басқару бойынша Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі.