«Айбын» президенттік полкінің әскери қызметшілері Әскери антты Астанадағы «Қазақ елі» алаңында, Тәуелсіздік сарайының алдында қабылдады. Ал «Батыр» президенттік полкінің сарбаздары үшін салтанатты рәсім Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Шараға жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің 2026 жылғы күзгі шақырылым сарбаздары еліміздің барлық өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктелген. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында жаңа шақырылым сарбаздарын даярлау курсынан өтті.
Әскери ант қабылдау — ерекше жауынгерлік рәсімдердің бірі. Ант беру арқылы сарбаздар Отанды қорғауға әзір болуға және әскери қызмет міндеттерін адал атқаруға жауапкершілік алады.
ҚР МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару кезінде жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен әскери іске үйреніп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.
Әскери ант қабылдағаннан кейін мерзімді қызмет сарбаздары ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттерін атқаруға кіріседі. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің мерзімді әскери қызметіне 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 сантиметрден жоғары және 195 сантиметрден аспайтын, орта және одан жоғары білімі бар, денсаулығы жақсы азаматтар қабылдана алады. Жоғары білімі, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.
Мемлекеттік күзет қызметінде мерзімді әскери борышын өтеу жас азаматтар үшін мықты ерлік мектебі саналады. Мұнда олар өмірлік жолына қажетті маңызды дағдыларды меңгереді. Бұл кезең жастардың болашақ мансабына жол ашатын әлеуметтік лифт болуы мүмкін.
Мерзімді әскери қызметті аяқтағандар қалауы бойынша келісімшарт негізінде қызметін жалғастыра алады. Кейін арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері атанып, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін атқаруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздарына Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған барлық әлеуметтік қолдау шаралары, соның ішінде «Срочники 2.0» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Оралдағы 5517 әскери бөлімінде 200-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдап, Ұлттық ұлан қатарына қосылғанын хабарлаған едік.