Мемлекеттік органдар сұраған қаржының 5 трлн теңгесі негізсіз боп шықты – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2027 жылғы бюджетті қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар 36,9 трлн теңгеге өтінім жасаған. Нәтижесінде 30,2 трлн теңге шығыс қана қолдау тауып, шамамен 6,7 трлн теңге бюджетке енгізілген жоқ. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтып берді.

Фото: Kazinform

Вице-министрдің сөзінше, бюджетті жоспарлау кезінде басымдығы жоғары шығыстарға назар аударылған.

— Қажеттіліктер әрқашан бюджет мүмкіндіктерінен асып түседі. Сондықтан да біздің міндетіміз — қолда бар қаражатты бөлу ғана емес, шын мәнінде қажетті шығыстар мен жобаларды іріктеп алу. Барлық ұсыныстар жан-жақты қаралып, олардың ішінен ең қажеттілері іріктелді, — деді Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен бюджет таныстырылымында.

2027 жылға мемлекеттік органдар бастапқыда 36,9 трлн теңге мәлімдеген болатын. Толық пысықтаудан кейін 30,2 трлн теңге ғана қолдау тапты.

— Осылайша, шамамен 6,7 трлн теңге көлеміндегі шығыстар бюджетке кірген жоқ. Оның ішінде 5,1 трлн теңге — тіпті негізсіз шығыстар еді. Олардың қажетті нормативтік құқықтық актілері, әдістемелері, тарифтері және растайтын құжаттары жоқ, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттілігі негізделмеген, — деді Абзал Бейсенбекұлы.

Қалған 1,3 трлн теңге — даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізуге қажетті шығыстар. Алайда, бюджеттің қолда бар мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды жоспарлы кезеңде қаржыландыру мүмкін емес.

Бюджет шығыстарын оңтайландырудың тағы бір тетігі ретінде бюджеттік шолу тәсілі қолданылып жатыр. Оның көмегімен қолданыстағы шығыстар қайта қаралып, үнемдеу мүмкіндіктері анықталады.

Биыл жүргізілген бюджеттік шолулар нәтижесінде жаңа бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 3,1 млрд теңге үнемдеу мүмкіндігі анықталған.

— Биыл бюджеттік шолулардың нәтижесінде жаңа бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 3,1 млрд теңге қаражатты үнемделді. Атап айтқанда, талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулерге, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген ақпараттық жүйелерді жүргізуге жұмсалатын шығыстар қайта қаралды. Шартсыз базалық шығыстарға да жеке талдау жүргізілді. Басымдығы төмен шығыстарды қысқарту нәтижесінде 44,4 млрд теңге оңтайландырылды, — деді Абзал Бейсенбекұлы.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ұлттық қордан стратегиялық жобаларға 5 трлн теңге бөлінетінін айтқан еді.

Сондай-ақ Қазақстан 2027 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр.