«Мен қазақпын» мегажобасына күзетші мен жұмыссыз ақтөбеліктер де қатысып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Мен қазақпын» мегажобасының іріктеу кезеңі басталды. Терме, күй, дәстүрлі ән номинациясы бойынша байқауға қатысушылар арасында күзетші, жұмыссыздар да бар. Басым бөлімі музыка пәнінің мұғалімі, мәдениет саласының қызметкерлері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің 12 ауданында тума талатты іздеу, іріктеу басталды. Алға ауданының өнерпаздары «Әдемі-ау», «Дүние-ай», «Елге сәлем», «Өсиет», «Қызым саған айтамын» халық әндерін шырқап, Әбубәкір мен Сәттіғұлдың термесін орындады. Өнерпаздар алдын-ала дайындалған, байқаудың ережесімен толық танысқан. Ал аудандағы іріктеуге ілікпегендері Ақтөбе қаласында өтетін сынға қатысады. Себебі, үздіктер арасында ең мықтыны анықтауда еш кедергі болмайды, бәріне бір мүмкіндік беріледі.

«Аудандық іріктеудің алғашқы жеңімпаздары анықтала бастады. Қатысушылардың мамандықтары әртүрлі. Біз міндетті түрде музыкалық білімі бар адамдар қажет деп айта алмаймыз. Ел арасында тума таланттар бар және біз олардың анықтап, дәріптеп, Қазақстанға таныта білуіміз керек. Өткен жылы күй номинациясында Ақтөбе үздік шықты. Биыл да жеңістен үміттіміз. Себебі, Ақтөбеде мықты тершілер де бар», - деді «Ақтөбе» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан.

Еске салсақ, «Мен қазақпын» мегажобасының күйші номинациясы бойынша өткен жылы ақтөбелік Ардақ Елеусіз жеңімпаз атанған болатын. Биыл да 18-40 жас аралығындағы өнерпаздар бақ сынап, мамыр-маусымда іріктеуге қатысады.

«Ел ішіндегі дарынды, талантты өнерпазды тануға жақсы мүмкіндік туды. Бір ғана Алға ауданында 5 адам шықты. Алдағы бір айда іріктеу аяқталып, 17 маусым күні облыстың үздіктері анықталады. Қазіргі кезде мәдениет, білім бөлімдері, музыка, саз мектептері іріктеу кезеңіне белсенді қатысып жатыр. Қатысушылардың нақты саны белгісіз. Іріктеу өтіп жатқан уақытта «қатысамын» деп жазылып, өнер көрсетсе де болады», - деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.