«Бернлидің» сәтсіз нәтижелері жалғасып келеді. Команда өз алаңында чемпионат аясындағы соңғы 21 матчта жеңіске жете алмаған. Клубтың «Терф Мур» стадионында жеңіске жетпегеніне бір жыл болды.
Биылғы маусымда Хайен шәкірттері алғашқы 11 кездесуде небәрі бір рет жеңіске жетті. Осыған байланысты жанкүйерлер клуб басшылығына наразылық білдіре бастады. Трибунада «Pace out» («Пейс, кет!») деген жазуы бар баннер пайда болып, жанкүйерлер клуб басшысы Алан Пейстің қызметінен кетуін талап етті.
Матчтан кейін журналистер Хайеннен қызметін жалғастыру мүмкіндігі туралы сұрады.
- Білмеймін. Бірақ бұл туралы ойламаймын. Өйткені мұндай ойлар көп күш-қуатты алады. Әрине, қазіргі жағдайда бапкерді қызметінен босату қалыпты шешім болар еді. Алайда мен футболшылармен жұмыс істеуге бар назарымды аударғым келеді. Ал бұл мәселені басқа адамдар шешеді, – деді Хайен.
Сондай-ақ маман «Вулверхэмптоннан» жеңілу себептерін түсіндірді.
- Біз бұрынғыдан да көп жұмыс істеуіміз керек. Өткенді өзгерте алмаймыз. Бірінші таймды өте жақсы өткіздік, бірақ кейін бәрін өз қолымызбен құртып алдық. 1:2 есебінен кейін ойын барысын өзгерту үшін көбірек күш салуымыз қажет еді. Енді психологиялық тұрғыдан қайта дайындалып, алға жылжуымыз керек. Бір күні жағдай міндетті түрде өзгереді, – деді бас бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев аталған кездесуде 61-минутта Якоб Бруун Ларсеннің орнына алаңға шықты. Алайда қазақстандық футболшы командасын жеңілістен құтқара алмады.
Осы нәтижеден кейін «Бернли» 11 матчта сегіз ұпай жинап, Чемпионшиптің турнирлік кестесінде 21-орында қалды.
Айта кетелік «Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевқа қатысты «Челсидің» шешіміне наразылық білдірді.