Менің мақсатым қазақтың ұлттық музыкасын әлемге таныту болды - Денис Тен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиадалық комитеттің мәліметі бойынша әр олимпиаданы 3,5 млрд. адам тамашалайды. Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз өнерімді қазақ музыкасымен ұштастыра көрсеттім. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшылығы жеке құрамымен өткен кездесу барысында 2014 жылғы ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Ішкі әскерлер спорттық құрама командасының мүшесі Денис Тен айтты.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстандағы спорт қарыштап дамып келеді.

«Бұрын ашық аспан астында немесе сауда орталықтарындағы мұз айдындарында коньки теуіп дайындалатын болсақ, қазір көптеген спорт сарайлары әркімнің спортпен айналысуына мүмкіндік береді», - деп атап өтті Д. Тен.

Оның айтуынша, Сочи Олимпиадасында әлемнің миллиондаған тұрғындары алғаш рет қазақ мәдениетімен танысып, домбыра мен қобыз үнін естіді.

«Осы ретте айтайын дегенім, мен тек қазақстандық спортшы ғана емес, сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаудағы «Қазақстанның елшісі» де болғым келеді. Барлық спортшылар таныстыру көрсетілімінде жеңіл әрі көңілді, тіпті күлкілі музыкаға өнер көрсетіп, аудиторияны баурап алғысы келсе, менің мақсатым қазақтың ұлттық музыкасын әлемге таныту болды», - дейді спортшы.

Салтанатты шара барысында ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов Денис Тенге спортта жеткен жетістіктері үшін алғысын білдіріп, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Бас қолбасшысының атынан «Ішкі әскерлерге - 20 жыл» төсбелгісімен марапаттады.